Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Депутаттар әнұран бүкіл халық бірдей орындайтындай болуы керек дейді

Фото: facebook.com/KyrgyzPresident/

Қырғызстанда Мемлекеттік әнұранды өзгерту мәселесі көтерілді. Бұл туралы ел Парламентінің спикері Нурланбек Шакиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Шакиевтің айтуынша, қазіргі әнұран Қырғызстан Кеңес Одағынан енді шыққан кезде қабылданған, ал қазір ел дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

«Сондықтан біз әнұранды өзгертуміз керек. Ол бүкіл халық бірдей орындайтындай болуға тиіс», — деді Нурланбек Шакиев.

Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов бұл бастамаға қатысты пікір білдіріп, бұл шешімді халықтың өзі қабылдауы керек екенін айтты.

«Әнұранды өзгерту ұсынысы көтерілсе, мәтін мен музыкаға ашық конкурс жариялануы қажет. Бұл конкурсқа ақындар, жазушылар, композиторлар, философтар және өз дарынына сенетін кез келген азамат қатыса алады»,  – деп жазды Алагозов.

Айта кету керек, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік әнұраны 1992 жылы 18 желтоқсанда бекітілген.