Бағдаршам жұмыс істемей қалған: көлік кептелісін реттемек болған адам айыппұл арқалады
Ер адамның неліктен жауапқа тартылғанын полиция түсіндіріп берді
Ақтауда ер адам бағдаршам жұмыс істемей тұрған қиылыста жол қозғалысын реттеу міндетін өз бетінше атқарып, полицейлердің назарын аударды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өз әрекеті үшін қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 22 қазанда күндізгі уақытта болған.
Ақтаудағы 8 және 22 шағын аудандардың қиылысында бағдаршамның істен шығуы көлік кептелісін тудырды. Осындай жағдайда ер адамдардың бірі жол қозғалысын реттемек болады. Алайда, оның бұл әрекеті полицейлердің назарын бірден аударған.
«Жол қозғалысы ережесінің талаптарын бұзған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ақтау қаласының патрульдік полиция бөлімінің инспекторлары тұрғынмен түсіндірме профилактикалық әңгіме жүргізіп, ҚР ӘҚБтК-нің 615 бабы бойынша хаттама толтырды. Жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамауы екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 7384 теңге айыппұл салуға әкеп соғады», деп хабарлайды Ақтау полициясы.
Полицияның мәліметінше, бағдаршам дұрыс жұмыс істемей тұрған уақытта азаматтардың жол қозғалысын реттеуге өз бетінше әрекет жасауы төтенше жағдайларға себеп болуы мүмкін.