Ісік қатерсіз болғандықтан, өмірге келген күні бірден ота жасалды
Алматыда құйымшағында үлкен ісік бар ұл бала дүниеге келді. Жалпы салмағы бір келі болатын ісікті Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының хирургтары ота арқылы алып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәби 6 қазан күні Алматыда дүниеге келген. Сол күні ол перзентханадан Балалардың жедел медициналық жәрдем орталығына ауыстырылып, жансақтау бөліміне жатқызылып, ота жасалды.
«Балада өте күрделі патология болды – тірек-қимыл аппаратының туа біткен кемістігі. Үлкен қатерсіз ісік – бұл сакрококцигеальды аймақтың тератомасы. Ол сүйек тінінен, жұмсақ тіннен және кисталық қуыстардан тұрды. Негізгі бөлігі сыртта, шағын бөлігі қуыс ішінде орналасты. Операция сәтті өтті», - дейді іріңді және кеуде қуысы хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Сәбидің жағдайы бірқалыпты, анасы екеуі үйіне шығуға дайындалып жатыр.