Көкшетау тұрғыны тоңып қалғандықтан бөтен көлікті айдап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Көкшетауда полицейлер автокөлік ұрлығын жедел ашты

Фото: istockphoto.com

Көкшетауда 40 жастағы тұрғын далада тоңып қалғандықтан, жылыну үшін бөтен көліктің есігін ашып, айдап кеткен. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 19 қазан күні түнгі сағат 23:00-ден таңғы 02:00 аралығында көпқабатты үйдің жанында болған. Аулада тұрған Mercedes-Benz 180 автокөлігі ұрланып кеткені туралы полицияға жергілікті тұрғын хабарлаған. Көлік иесі машинаның кілтін оталдыру қосқышында қалдырғанын да мәлімдеген. Өтініш түскен сәттен бастап қалалық полиция қызметкерлері жедел әрекетке көшіп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастап кетті.

Сол күні криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрланған автокөлікті тауып, оған облыс орталығының 40 жастағы тұрғынының қатысы бар екенін анықтады.

Тергеу барысында күдікті уақытша бейімделу орталығынан шығып, суыққа тоңып қалғандықтан, көліктің есігі ашық тұрғанын көріп, ішіне отырып кеткенін мойындады.

Жағдайды пайдаланып, кілті қалған көлікті айдап кеткен. Қазіргі уақытта көлік иесіне қайтарылып, оқиға толықтай тергеліп жатыр.