Алматыда Қытай азаматынан 4,5 мыңға жуық ақбөкен мүйізі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Қызыл кітапқа енген элементтерді Алматы облысынан сатып алып, өз еліне тасымалдамақ болған

Алматыда арнайы операция барысында Қытай азаматынан 4,5 мыңға жуық ақбөкен мүйізі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, Жетісу ауданындағы жеке үйлердің бірінде 58 жастағы ҚХР азаматы ұсталды. Оны тінту кезінде ақбөкен мүйізі салынған 50 қорап табылды және тәркіленді. Ер адамның айтуынша, ол Қызыл кітапқа енген элементтерді Алматы облысынан сатып алып, емдік мақсатта өз еліне тасымалдауды жоспарлаған.

«Ақбөкенді заңсыз жою, сондай-ақ оны немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін алу, сақтау, өткізу, импорттау, кіргізу, жөнелту, тасымалдау деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақбөкен мүйіздерін сату арнасы анықталуда», - деді, Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талант Исаев.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.