Оның айтуынша, блок-бекеттердің алынуы да жағдайдың тұрақталуына байланысты
Автобустарда жолаушыларға қатысты жағдайды бақылайтын адамның болмауына байланысты, қазіргі кезде қалалар арасында автобус қатынасын жандандыруға әлі ерте. Бұл туралы Көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қалааралық автобустар қатынасына қойылған шектеу әлі алынған жоқ. Өйткені ұшақпен және теміржол көлігімен сапарлаған кезде, жолаушылардың арақашықты ұстауын, маска тағу режимін орындауын қадағалайтын жолсеріктер болады. Ал қалалар арасында автобуспен тасымалдауда ондай қадағалау жоқ», - деді Байғабылов.
Оның айтуынша, автобуста тек жүргізуші ғана отырады және оның мақсаты – көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан автобустарда жолаушыларға қатысты жағдайды бақылайтын адамның болмауына байланысты, қазіргі кезде қалалар арасында автобус қатынасын жандандыруға әлі ерте.
«Өңірлерде коронавируспен байланысты жағдай тұрақталса, автобус қатынасын ашу мәселесін қарастырамыз. Блок-бекеттердің алынуы да жағдайдың тұрақталуына байланысты», - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда бірінші мамырдан бастап әуе рейстері ашылды. Ал бірінші маусымнан ел ішінде жолаушылар пойыздары қатынай бастайды.