Төрт адамның өліміне себепкер болған такси жүргізушісі 5 жылға сотталды
Жүргізушінің жоғары жылдамдықпен қауіпсіздік ережелерін сақтамай көлік басқарғаны анықталды
Ақтөбе мен Орск арасында жолаушы тасымалдаған 37 жастағы такси жүргізушісі төрт адамның өліміне себепкер болған жол-көлік апаты үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға барысында жолаушылардың бірі жерлеуге, бірі университетке жол тартқан, ал тағы екеуін үйінде жақындары күтіп отырған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
5 маусым күні «Toyota Alphard» автокөлігін басқарған жүргізуші алты жолаушыны алып, Ресейге бет алған. Жолда оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтауға қатысты профилактикалық әңгіме жүргізген. Алайда ауыл маңында көлік аударылып кетіп, апат салдарынан төрт әйел қаза тапты. Екі жолаушы мен жүргізуші аман қалды.
Жүргізушінің жоғары жылдамдықпен көлік басқарғаны және рөлге ие бола алмағаны анықталды. Ол сотта өзінің кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады.
Жол-көлік оқиғасында аман қалған куәгерлердің бірі жүргізушінің апат алдында телефонмен сөйлескенін айтты.
Сот таксистке 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды.