Алматы облысы полиция департаментінде ауыс-түйіс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Жиын соңында министр өңірдегі құқықтық тәртіп бойынша тапсырмалар берді

Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2024 жылдың тоғыз айындағы жедел қызметтің қорытындылары бойынша жиын өткізіп, жаңа басшылықты таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жиында Ержан Саденов облыстық ПД-ның жаңа басшысын таныстырып, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы болып Мейрам Әбікеев тағайындалғанын айтты. Әбікеев бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары болып Бағдат Әшімов тағайындалды.

Министрдің бұйрығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметтерінен босатылды:

• ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров;

• Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;

• ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;

• ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;

• ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров.

Жиын соңында министр өңірдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.