«Біз – кешірімді елміз»: Туризм және спорт министрі Черчесовтің әзіліне қатысты пікір білдірді
Министр бас бапкердің қалжыңы орынсыз болғанын атап өтті
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілі туралы әзілі қоғам наразылығын туғызған болатын. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов аталмыш жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ербол Мырзабосынов Черчесовтің кәсіби қызметіне баға беруді ұсынды. Сондай-ақ, министр бұл мәселені ушықтырмауға әрі кешірімді болуға шақырды.
«Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын. Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік. Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін. Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік!», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Станислав Черчесов қисынсыз әзілі үшін айыппұл арқалағанын жазғанбыз.