Талдықорғанда жат ағымның өкілінен есірткі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ зат табылды

Талдықорғанда жат ағымының жетегінде жүрген ер адамнан есірткі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жетісу облысы ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде «аса ірі мөлшерде» синтетикалық тектес есірткі құралдарын сақтауда қатысы бар 33 жастағы күдікті ер адам ұсталды.

Ұстау барысында күдікті жиналмалы пышақ қолданып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсеткен. Алайда, «А» ОЖВ қызметкерлерінің кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде ер адам ұсталып, жиналмалы пышақ заттай дәлел ретінде тәркіленді.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ зат табылды және тәркіленді. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, алынған зат синтетика тектес есірткі «Мефедрон» екені анықталды. Оның жалпы салмағы шамамен алты грамм.

Қазіргі уақытта, күдіктіге қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалды, одан әрі тергеу әрекеттері жүргізілуде.