Қарағандыдағы дала өрті: 35 мың гектар жер отқа оранды

Автор: Azattyq Rýhy

Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады

Фото: ТЖМ

Қарағанды облысындағы табиғи өртті сөндіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі елді мекендеріне қауіп жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қазір Қарағанды облысында.

Далалық өрт сөндіру штабтары жұмысын жалғастыруда.

Ашық аумақта алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда.

«Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылуда. Табиғи өртті сөндіруге жұмылдырылған күштер мен құралдар 4 жауынгерлік учаскеге бөлінді. Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төкті. Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді», - делінген хабарламада.

Қарқаралы ауданында 2 бірлік жылжымалы тамақтану пункті дайындалды, азық-түлік және заттай жарақтар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді.

Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады.

Бұл ретте Павлодар облысындағы дала өрті алдын ала 10 мың га алқапта оқшауланғанын еске саламыз.