Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептілісі: жауапты комитет мәлімдеме жасады
«Жайсан» өткізу пункті арқылы тәулігіне орта есеппен 1,6 мыңнан астам жүк және жеңіл автокөлік өтеді
Бұқаралық ақпарат құралдарында Ақтөбе облысындағы «Жайсан» өткізу пунктінің алдында Ресей Федерациясы бағытындағы жүк автокөліктерінен көп шақырымдық кезек пайда болды деген ақпарат жарияланды. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта «Жайсан» өткізу пунктінде жүк автокөліктерінің кептелісі байқалмайтынын, өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істейтінін хабарлады.
Күні бойы Ресей Федерациясына шекарадан өтуді күткен жүк автокөліктерінің саны 50-ден аспады.
«Тәулігіне орта есеппен «Жайсан» өткізу пункті арқылы 1,6 мыңнан астам жүк және жеңіл автокөлік өтеді.
Шекараның қазақстандық жағында «Жайсан» өткізу пунктінде әр бағытта 4 жол белдеуі, Ресей жағында «Сагарчин» өткізу пунктінде 1 жол белдеуі жұмыс істейтінін атап өту қажет.
Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жұмыс штаттық режимде жүргізіледі, өткізу пунктінде барлық құжаттарды тіркеу терезелерінің жұмысы қамтамасыз етіледі, 4 қызметкер тұрақты негізінде жұмыс атқарады, өткізу пункті шегінде жүргізушілер мен автокөліктердің кептелісі жоқ», - делінген хабарламада.