Тоқаев: Келесі жылы 217 жаңа мектеп салу жоспарланған

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл мектептер 460 мыңнан астам балаға арналған

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын құттықтау барысында елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған. Бұдан бөлек, Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан астам балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасалады. Аталған ауқымды жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын кемінде мың мектептің ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Білім беру процесін цифрландыруға баса назар аударылады. Барлық мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу бойынша кешенді жұмыс қолға алынады. Қосымша білім беруге ерекше мән беріледі. Оның аясында үш миллионнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Биыл отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадалардан 360-тан астам медаль жеңіп алды. Бұл – ұстаздарымыздың жанкешті еңбегі мен кәсібилігінің жемісі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлағатты ұстаздар тұтас ұлтты тәрбиелейтінін атап өтіп, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді.

 – Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу қажет. Әрине, қазіргі заманда бұл оңай шаруа емес. Соңғы кезде интернеттің теріс бағыттағы шырмауына түскен жастар көбейіп кетті. Біз балаларды түрлі қатерден қорғай білуіміз керек. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен «Біртұтас тәрбие» атты арнайы бағдарлама дайындалды. Бұл құжатта Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажет деп санайды. Бұл орайда, Президент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде оқу үдерісін тоқтатпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті.

– Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбегі ерен мұғалімдер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты.

– Ұстаздар әулетіне айрықша мән беріледі. Бүгін мен білім беру ісінде 350 жыл еңбек өтілі бар Асылаевтар отбасы туралы мақаланы оқыдым. Олар Абай облысында тұрады екен. Мұндай өнегелі әулеттер елімізде көп деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.