Атырау мен Ақтөбе облысында Халықтық штаб бірнеше кездесулер өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Кездесулер барысында АЭС салудың маңызы мен артықшылығы талқыланды

Фото: Атырау облысының "AMANAT" партиясы филиалы

Ақтөбе облысында аудандық халықтық штаб мүшелері «Қамқор вагон» ЖШС-нің ұжымымен кездесу өткізді. Штаб мүшелері кездесуде әлем бойынша энергия тапшылығы күшейіп келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Штаб мүшесі Оспанова Әлия атом электр станциялары ауаға, жерге және суға зиян тигізбейтінін айтты.

Бұдан бөлек АЭС ел экономикасының өркендеуіне серпін беріп, көміртегі шығарындыларын азайтады, елдің экологиялық беделін арттырады. Қалыбаев Амангелдінің айтуынша, атом электр станцияларын салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ең басты мәселе.

«АЭС құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Сонымен қатар Қазақстан технологиялық жағынан әлдеқайда алға кеткен III және III+ буынды АЭС салуды жоспарлап отыр. Атом энергиясын қауіпсіз, сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді. Осы орайда МАГАТЭ сарапшылары атом электр станциясын салу, оның жұмыс барысын бақылап отырады»,-деді ол.

Ал Атырауда Халықтық штаб С.Мұқашев атындағы қалалық политехникалық жоғары колледжінің ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында елімізде атом электр станциясын салу бойынша 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумның маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар сарапшылар АЭС-ке қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Елімізде болашақтағы электр қуаты тапшылығының алдын алу мақсатында атом электр станциясын салу ұсынылып отыр. Оның салыну-салынбауын алдағы жалпыұлттық референдумда халық шешетін болады. Біздің мақсатымыз — референдум туралы ақпаратты жан—жақты түсіндіру»,- деді облыстық Халықтық штабтың мүшесі Роман Зұлқайнарұлы 

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда атом энергетикасы арқылы өндірілетін электр энергиясы әлемде 10%-ға жетті. Дүниежүзінің 32 елінде 427 реактор жұмыс істейді.

Тегтер: