$ 494.95  525.49  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Республикалық халықтық штаб мүшелері Жетісу облысында бірнеше кездесу өткізді

Республикалық халықтық штаб мүшелері Жетісу облысында бірнеше кездесу өткізді
Фото: Жетісу облысының "AMANAT" партиясы филиалы

Штаб мүшелері әуелі Үштөбе қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында әлеуметтік сала қызметкерлерімен жүздесті. Жиында алғысөзді Болат Керімбек алып, АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар көміртекті энергия көздеріне тәуелділікті азайту арқылы қоршаған ортаға тигізетін оң әсерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Кейбір адамдар Семей ядролық сынақ полигонындағы оқиғаны айтып, АЭС салуға қарсылық білдіруде. Бірақ, екеуі екі бөлек дүние. Семей полигонында арнайы атом бомбасын жарды. Атом электр стансысында қолданатын уран ол атом бомбасы емес. АЭС-те қолданылатын уран 20 пайыз ғана байытылады. Атом бомбасын жасау үшін 95 пайыз байыту керек. Атом электр стансысын салу ядролық қаруды сынау емес», — деді Болат Керімбек.

Мұнан кейін штаб мүшелері аудандағы етжеңді кәсіпорын «ТастөбеАгроФуд» ЖШС-де болып, ұжымға атом электр стансысының қауіпсіздігі туралы баяндады. Сонымен қатар спикерлер атом электр станциясын салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын кеңінен баяндап, АЭС төңірегінде туындаған негізсіз үрейлерді сейілтуге бағытталған маңызды ойларын ортаға салды, әрі станцияның экологиялық және экономикалық пайдасына тоқталды.

«Қауіпсіздік туралы айтқанда, қауіпсіздік шаралары сақталмаған Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында атом салатыны анық. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр стансысы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр стансысындағы апатқа қарамастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр стансылары жаңа қуат, зор қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек», — деді штаб мүшесі Мұстафа Хұсайын.

Республикалық халықтық штабтың бір тобы Текелі қаласына атбасын бұрып, мұнда «Текелі ТЭК» ЖШС ұжымымен, қала тұрғындарымен кездесті. Қос кездесуде штаб мүшелері жұртты алаңдатқан АЭС төңірегіндегі сауалдарға тұщымды жауап алып, 6-қазанда тағдыршешті сәтте қалыс қалмайтынын жеткізді.

Әуелі «Текелі ТЭК» серіктестігінде болған кездесуде Амангелді Толамисов АЭС-тегі қауіпсіздік жайын, Балқаш көлінің флорасы мен фаунасының ешқандай зиян шекпейтінін, қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелерді тізбектеді. Айтуынша, 3 буынды реакторлы АЭС-терде ешқандай апат орын алмапты. Мұндай жоба әлемде қауіпсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. 

Мұнан кейін штаб мүшелері туристік қаланың орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде қала тұрғындарымен, спорт саңлақтарымен кездесті. Кездесуде тізгін тарқан Жанат Оспанов энергия өндіруде оған қажетті шикізаттың да мол қоры керегіне тоқталды. Айтуынша, электр энергетикасына ұзақ мерзімді және тұрақты отын көлемі мен бағаның тұрақтылығы қажет. Оның үстіне еліміз уран өндіруден және оның қоры жағынан алдыңғы қатарға жайғасқан.

Республикалық халықтық штаб Ескелді ауданына барып, мұнда да бірнеше кездесу ұйымдастырды. Елді елеңдеткен сауалдарға жауап беруге жүрген штаб мүшелері әуелі Қаратал ауылында болды. Жаңадан салынған мәдениет үйіндегі кездесуде тұрғындар әлемде 25-30 жыл тұралаған АЭС құрылысы туралы, ұзақ мерзімді жобаны Қазақстан неліктен қажет еткені жайында сауалдай жөнелді. Спикерлердің айтуынша, Чехославакия, Югославия сынды елдерде АЭС құрылысы басталып, мемлекеттегі тұрақсыздық пен бірнеше азат мемлекетке бөліну нәтижесінде құрылыс тұралағанын жеткізді. Сонымен қатар, АЭС-тың экономикалық тиімділігін, әлеуметтік пайдасын саралады.

«Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан әрі дамытуда бізде қиындықтар болмайды. Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді», — деді Константин Нестеров.

Мұнан кейін халықтық штаб мүшелері аудандық аурухана ұжымымен кездесті. Кездесуде Александр Хильниченко ядролық физиканың арқасында медицинада түрлі аурудың алдын алатын дәрмектер жасалып жатқанын алға тартты. Барлық салаға үдеріс әкелетін сәулелі элементтерден негізсіз үрей көрудің қажеті жоғын да сөз етті.

«Бүгінде барлық мемлекет үшін халықты тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету стратегиялық мәселе. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бола алмайды. Сондықтан елімізде де атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғалымдар көп жұмыс істеп жатыр», — деді Александр Хильниченко.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#АЭС