АЭС бойынша пікір алмасты
Бүгін Түркістан облысындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дулатбек Абіш, облыстық мәслихатқа «Ақжол» партиясынан сайланған депутат Сұлтан Көшенов, «RESPUBLIСA» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орнбасары Бейбіт Биназаров және энергетика саласының мамандары бастаған Халықтық штаб өкілдері Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС-і, «Батсу» ЖШС-і және Бадам ауылындағы «С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқосуда атом электр станциясы мәселесі кеңінен талқыланып, еліміздің энергетикалық болашағы туралы маңызды пікірлер ортаға салынды. Кездесуде жұмысшы топтың өкілдері дамыған елдердің барлығы электр энергиясын өндіруде атом электр станцияларының рөлін баса айтты. Ол қазіргі замандағы озық технологияларды қолдану арқылы энергетикалық саланы дамыту әлемдік тәжірибеде кеңінен таралғанын жеткізді. Егер біз де дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсе, атом электр станциясы сияқты жобаларды қолға алуымыз керек екендігіне баса назар аударды. Штаб өкілдерінің айтуынша, атом электр станциясы экологиялық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді әрі ұзақ мерзімді шешім болып табылады.
«Біздегі энергетикалық инфрақұрылым күн санап ескіріп барады. Станциялардың 65 пайызы тозған. Әсіресе, энергия тапшылығы біздің оңтүстік аймақтарда анық байқалып отыр. Бұл тұрғындар қажеттілігімен қатар кәсіпкерлікті дамытуға да үлкен кедергі болады. Энергетика саласының мамандары мен ғалымдар атом энергетикасын дамыту — осы күрделі ахуалдан шығудың жалғыз жолы екенін айтып жатыр. Ең негізгі мәселе — қауіпсіздік. Халықты алаңдатып отырған басты мәселе де осы. Қазіргі уақытта әлемде жұмыс істеп тұрған 415 ядролық реактордың барлығы дамыған елдерде орналасқан. Егер АЭС адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Одан бөлек, қазір әлемде 60-қа тарта АЭС салынуда. Көршілес Өзбекстан да АЭС салудың қамына кіріскен. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр, ал уран қоры бойынша екінші орында. Дамыған мемлекеттердің өзі АЭС-ке қажетті шикізатты бізден алып отыр. Ядролық отын өндіретін зауыт та өзімізде бар», — деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, штаб құрамындағы «Ақжол», «RESPUBLIСA» партиясының өкілдері, энергетика саласының мамандары АЭС-тің артықшылықтары жайында сөз қозғап, референдумдағы әрбір таңдау ел болашағы үшін маңызды екендігін жеткізді.