АЭС салу бойынша референдум: Қызылорда облысында экспромт-кездесулер өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Халықтық штаб мүшелері сауда үй мен емханада тұрғындармен кездесті

Фото: «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы

Аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері «Small» сауда үйінде және «Q-med» клиникасында экспромт-кездесулер өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде штаб мүшелері атом энергетикасының әлемдегі ахуалы жайлы атап өтті. Себебі, Еуропа, Ресей мен АҚШ, Қытай елдері атом реакторларын, атом станцияларын салу ісіне білек сыбана кірісіп, келешекте энергия тапшылығының алдын алуға жұмыс жасауда. 

Сондай-ақ, атом электр станциясында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды, өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары, сондай-ақ станцияның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Тариф вендорлармен келіссөздер жүргізіп, жобаны жүзеге асыру шарттарын талқылағаннан кейін және жобалық құжаттаманы әзірлеуден соң анықталады. Бұл талқылаулар мен құжаттаманы дайындау жобаның барлық экономикалық және техникалық аспектілерін ескере отырып, әділ және бәсекеге қабілетті бағаны белгілеуге көмектеседі.

Бұл тұста, әлемдік қауымдастық өкілдері жаһан үшін қауіпті көмірқышқыл газын таратудың алдын алу үшін 2060 жылға қарай көмірді мүлде пайдаланбау мәселесін көтеріп, нақты межесін бекітті. Қазақстан да бұл талапты орындауы қажет. Ал атом энергиясы ауаға улы қалдықтар шығармайды. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом электр станцияларын пайдаланудың көп жылғы тәжірибесі олардың адамдарға және табиғатқа зиянын тигізбейтінін растайды. Ғалымдар ірі жылу электр станциясы аймағындағы жеке сәулелену дозалары атом электр станциясының жанындағы ұқсас дозадан 5-10 есе артық екенін эксперименталды түрде анықтады.

«Бүгінде энергия тапшылығы салдарынан біз көрші мемлекеттерге тәуелді болып отырмыз. Атом станциясы салынған күннің өзінде біз өз қажеттіліктерімізді толық өтей алмаймыз. Станция тек 12 пайыз қажеттілігімізді қамтиды. Сондықтан, станциялар, реакторлар санын арттыру арқылы бейбіт уранды байыту көмегімен біз бұл тығырақтан шығамыз», — штаб мүшесі Пірмұхамед Сыздықов деді.

Өздеріңізге белгілі дамыған мемлекеттердің көпшілігінде ондаған атом ректорлары жұмыс істейді. Олардың қызметін халықаралық «МАГАТЭ» ұйымы қалытқысыз бақылап отырады. Көпшілік атом энергиясынан бөлек күн мен желден алатын энергияны да дамытуды ұсынуда. Бірақ, оның барлығы тұрақсыз екенін атап өту қажет.

Тегтер: