Жүргізушілердің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған
Астана-Қарағанды тас жолында алдыңғы мемлекеттік нөмірлерді шүберекпен жауып тастаған «Shacman» жүк көліктерінің екі жүргізушісі жауапқа тартылды. Олар осылайша қалаға кіреберістегі салмақ өлшейтін фотобақылау пунктін алдауға тырысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда полициясына сілтеме жасап.
Жүргізушілердің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сонымен қатар, қиыршық тас тиелген жүк көліктерінің төбесі жабылмаған, бұл жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу болып табылады.
Сәйкестендіруге кедергі келтіретін құрылғылар мен материалдарды қолдана отырып, мемлекеттік нөмірлік белгісі бар көлік құралын басқарғаны және жүктерді тасымалдау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Патрульдік полицейлер нөмірлік белгілерді алып қойды, материалдар сотқа берілді.
Заңнамаға сәйкес құқық бұзушыларға бес айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынып, бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады.