Астанада Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл көрнекті жазушының құрметіне қойылған алғашқы ескерткіш емес

Фото: Ақорда

Елордада көрнекті жазушы, драматург әрі ғалым Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабаралады.

Салтанатты іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен жазушының туысы Диар Қонаев қатысты. Қарин ашылу салтанатына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған жылы лебізін жеткізді.

«Мұхтар Әуезов – ұлтымыздың рухани болмысында ерекше орын алған ұлы жазушы. Ол өз шығармасында халқымыздың дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін шебер бейнелеген. Оның теңдессіз туындылары қазақ тілінің байлығын және бірегей өркениетіміздің терең тамырын айқын көрсетеді», – делінген мемлекет басшысының хатында.

Салтанатты шараға жазушының туыстарынан бөлек Қазақстанның белгілі қоғкам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының мамандары мен мәслихат депутаттары қатысқан.

Ескерткіш авторлары – Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Мүсіншілердің тастан қашалған туындысы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының алдындағы алаңға қойылған.

Айта кетейік, бұл көрнекті жазушының құрметіне қойылған алғашқы ескерткіш емес. 2022 жылдың 30 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың ескерткішінің салтанатты ашылуына қатысқан болатын.