Ғаламдық жылынудың салдарынан қауіпті су тасқындары жиілеуі мүмкін

Azattyq Rýhy

Орталық Еуропадағы су тасқындары келтірген залалды жоюға бір миллиард еуродан астам қаржы қажет болады

Ғаламдық жылынудың салдарынан қауіпті су тасқындары жиілеуі мүмкін
Фото: Джордж Калин/REUTERS.

Қазіргі кезде ауа массалары индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 15-20% көбірек су буын сіңіре алады. Соңғы апталарда Орталық Еуропада болған қауіпті су тасқындары ғаламдық жылыну үдей түскен сайын жиілеуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Аустрияның климаттық зерттеулер бойынша жетекші мамандарының пікірінше, бұрын жүз жылда бір рет болатын мұндай құбылыстар енді 80-90 жылда қайталанып отыруы ықтимал.

«Қазіргі кезде біз – яғни Жер планетасы жалпы алғанда – секундына шамамен Хиросимаға тасталған 14 атомдық бомбаның қуатындай жылдамдықпен жылынудамыз. Бұл – адамдардың жер жүйесіне қосып жатқан артық энергиясы, соның салдарынан Жер қызуда. Бұл дегеніміз, ауада көбірек су буы болуы мүмкін, ал нөсер жаңбырлар одан да қатты бола түседі», - деп түсіндіреді Geosphere Austria-ның климаттық зерттеулер бөлімінің басшысы Марк Олефс.

Орталық Еуропада «Борис» дауылы тудырған су тасқындары бірнеше адамның өмірін қиып, үйлер мен инфрақұрылым нысандарын қиратты. Өткен демалыс күндері Төменгі Аустрияның Санкт-Пёльтен аймағында бірнеше күн ішінде бір шаршы метрге 430 литрге дейін жауын-шашын түскен – бұл әдетте алты-тоғыз айда түсетін көлем.

«Қазірдің өзінде біз Орталық Еуропа аумағының, мұхиттар мен құрлықтардың, адамның араласуынан – яғни парниктік газдардың бөлінуі салдарынан, индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда екі-үш градусқа жылынғанын айта аламыз. Соның салдарынан тек жылы, ылғалды, Жерорта теңізінен келетін ауа массалары ғана емес, суық, полярлық ауа массалары да екі-үш градусқа жылынып, олар қаныққан кезде әр градус жылынуға 7% артық су буын сіңіре алады. Бұл дегеніміз, ауа массалары индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда қазір 15-20% көбірек су буын сіңіре алады», - дейді Марк Олефс.

Мамандардың бағалауы бойынша, Орталық Еуропадағы су тасқындары келтірген залалды жоюға бір миллиард еуродан астам қаржы қажет болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.