СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы 100% аяқталды

Автор: Azattyq Rýhy

Барлығы 1394 үй сатып алынып, 1899 үй күрделі жөндеуден өтті

15 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынды жаңа және жөндеуден өткен тұрғын үйлерге көшіру жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq RýhyҮкіметке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстанда барлығы 1394 үй сатып алынып, 1899 үй күрделі жөндеуден өтті. Петропавлда 700 үй салынып, жаңа «Бірлік» шағын ауданын құрады. Бүгінде мұнда тағы 173 үйдің құрылысы аяқталды. Баспана кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.

«Тұрғындарға төзімділік танытқаны үшін және аймақты қалпына келтіруге атсалысқан барлық бизнес өкілдеріне, атап айтсақ, "Қазақстан халқына" қорының  басқарма төрағасы Болат Бидахметұлы Жәмішев, "Kazakhmys" корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Викторович Огай, "Kaspi" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Константинович Ким, "KAZ Minerals Management" директорлар кеңесінің төрағасы Олег Николаевич Новачукке алғыс айтқым келеді. Сіздерсіз біз мұндай ауқымды құрылысты 3,5 айда бітіре алмас едік», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бүгінде жаңа «Бірлік» шағын ауданында «Kaspi» компаниясы балабақша құрылысына демеушілік етуде, 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Жақында ықшам ауданға асфальт жол төселіп, автобус қатынайтын болады.

«Бүгін мен көптен күткен үйдің кілтін алғаныма өте қуаныштымын. Бәріміз үшін бұл табиғи апат өте қиын тиді. Алайда, біз төзімділік таныттық. Осы орайда, елімізге, Мемлекет басшысына, әкімдікке және құрылысшыларға, күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп, үйлерімізді тез арада тұрғызуға атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Мен Ойқалада тұрдым, енді жаңа үйде өмірді тың серпінмен жалғастырамыз, бұйырса мал мен бақшам болады», — деді Алима Жаманкөзова.