Полицей болып киініп, жұртты «тонаған»: ер адам бес жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Ол көшеде кетіп бара жатқандарға өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған

Полицей болып киініп, жұртты «тонаған»: ер адам бес жылға сотталды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Ақтөбе тұрғыны полицей болып киініп, өтіп бара жатқан адамдарды тонаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші жағдайда ол көшеде кетіп бара жатқан ер адамға жақындап, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, құжаттарын көрсетуді сұрағані. Бейтаныс адам қорқып кетіп, қолында құжаттары болмағандықтан, телефоны арқылы цифрлық куәлігін көрсеткен. Жалған полиция қызметкері құжатты көру үшін телефонды қолына алып, ары қарай қашып кеткен.

Тағы бір жағдайда, өтіп бара жатқан адамнан қымбат сымсыз құлаққаптарын көреді. Ол өзін сол сценарий бойынша полиция қызметкері ретінде таныстырып, дәл осындай құлаққаптар бұрын ұрланғанын айтады да imei кодын салыстыруды сұрайды. Содан ол полиция бөліміне баруды ұсынады, бірақ жолда таксиге қоңырау шалып, қашып кетуге тырысты. Құлаққап иесі жалған полицейдің әрекетін түсініп, жүргізушіден тоқтауын өтінеді, алайда ұры қашып үлгереді.

Дегенмен жалған полиция қызметкері көп ұзамай қолға түсті. Сот ер адамды заңсыз әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.