АҚШ-та бір айда 20 миллион адам жұмыссыз қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Америкадағы жұмыссыздық деңгейі 14,7%-ға жетті

Фото: bbc.com

Америкада бір айда 20 миллионнан астам адам жұмыссыз қалып, мемлекеттегі жұмыссыздық деңгейі 14,7%-ға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

«АҚШ 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін жаңа жұмыс орындарын ашумен болды. Осылайша 2020 жылдың ақпан айында жұмыссыздық көрсеткіші 3,5 пайызға жеткізілді. Дегенмен, коронавирус пандемиясы бұл еңбекті жоққа шығарды. Жұмыссыздардың көбінің орны сақталып тұрғанымен, Америкада төмен жалақыдан гөрі жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақыны құп көретіндер қатары артты. Билік бұл жәрдемақыны 1,5 мың доллардан 4 мың долларға көтерді», - деп жазады басылым.

Қараша айында екінші кезеңге сайлауға түспек ойы бар Дональд Трамп үшін бұл ауыр соққы болды, себебі ол пандемияға дейін экономикалық өсіммен мақтанатын еді.

Айта кету керек, АҚШ-та 1980 жылдары жұмыссыздық деңгейі 10% болған еді. Ал 1945 жылы бір айда 2 млн адам жұмысынан айырылған.