Ақмола облысының Аналар кеңесі көпбалалы отбасылардың терезелеріне қауіпсіздік құрылғысын орнатып берді
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен елімізде «Мектепке жол» акциясы кең ауқымда жүргізілуі
Ақмола облысы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары 631 балаға 7,9 млн теңге сомасында көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ үшін жоқ-жітікке қарайласу, жылағанды жұбату, көтермелеу ежелден қалыптасқан қасиеттердің бірі. Қоғам болған соң тұрмыстық түйткілдердің, тіршілікке қажетті заттардың жетпей қалу жағдайлары болуы әбден мүмкін. Ағайынға, көршіге көмектесу, жәрдем беруді қазақ топырағына келіп, қазақ халқының жылулығы мен бауырмалдығын көрген өзге ұлт өкілдері бүгінде қайырымдылық жасаудың озық үлгілерін көрсетіп жүр деп айта аламыз. Этносаралық және дінаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасқан Қазақстанда оның нақты мысалдары өте көп. Оны президентіміз де талай рет сөз арасында айтып жүр.
«Халықтар арасындағы ажырамас ынтымақ жібін жалғап жатқан керемет келбет – қайырымдылық. Ұлы мекенде ұрпағымен өсіп-өніп отырған өзге этнос өкілдері ерлер етігімен су кешкен тасқынға тосқауыл ісінде де бір екендігін байқатты... Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында.
Қайырымдылықтың бұл үрдісі еш уақытта тоқтаған емес. Қазақстанды мекендеп, өсіп-өніп отырған өзге этнос өкілдері қай уақытта болсын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қайырымды қала тұрғындары үлесін арттыруда. Осының тағы бір дәлелі Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен елімізде республика бойынша «Мектепке жол» акциясы кең ауқымда жүргізілуі.
Аталғаны акцияға Ақмола облысы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары, атап айтқанда, «Манас» қырғыз, «Чинсон» корей, «Бари» армян, «Русская община» орыс этномәдени орталықтары, Аналар кеңесі белсенді қатысты. Игі шара аясында «Санги Кабуд» тәжік этномәдени бірлестігі Көкшетау қаласындағы Достық үйінде 27 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жинап мектеп сөмкесі, оқу құралдары түрінде сыйлық жасады.
Ал Ақмола ҚХА «Чинсон» этномәдени бірлестігінің төрағасы Ольга Лян мен мүшелері және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінде болып, онда аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға мектеп рюкзактары мен кеңсе керек-жарақтары түрінде қолдау көрсетті.
Арминэ Тороян бастаған Ақмола ассамблеясының «Бари» армян этномәдени бірлестігі Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінде оқитын бес көпотбасылы жанұя оқушыларына мектеп сөмкелері және оқу құралдарынан сыйлық жасады. «Манас» кырғыз этномәдени орталығы балалар үйінің оқушыларына жалпы сомасы 700 мың теңге болатын мектепке арналған киім, оқу құралдарын табыс етті.
Ақмола ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшелері да аталған ігі шарадан қалып қалған жоқ. Көкшетау қаласының үш көпбалалы отбасына «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетті. Жасалған игі шараның ерекшелігі – мектепке арналған сөмке мен оқу құралдарын сыйлағанмен қатар көпқабатты үйде тұратын отбасылардың пәтер терезелеріне қауіпсіздік құрылғысын (жазатайым балалар құлап кетпеуіне арналған) орнатып берді.
Жалпы «Мектепке жол» акциясы басталғалы Ақмола облысы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары 631 балаға 7,9 млн теңге сомасына, оның ішінде «Санги Кабуд» тәжік этномәдени орталығы 550 балаға 7 млн теңге сомасына көмек көрсетті.
Ақмола ассамблеясының этномәдени бірлестіктері бұдан басқа да қайырымдылық акциясын жалғастыруда