Жиын барысында кездесуге келген жастар қадірлі мейманға бірқатар сұрақтарын қойып, ауқымды жобаның болашағын талқылады
Елордада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында «AMANAT» партиясының «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанның қатысуымен жастармен кездесу өтті. Қадірлі мейманнан бөлек, іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ICYF) жастар форумы Басқармасының төрағасы Таха Айхан қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиын басында сөз сөйлеген партияның Атқарушы Хатшысы Дәулет Кәрібек елімізде өтіп жатқан ауқымды шараға қатысуға арнайы ат басын бұрып келген түркиялық меймандарға алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл ойындар түркі халықтарының тарихи байланыстарын нығайтып қана қоймай, бауырлас елдер арасындағы мәдени және рухани қарым-қатынасты одан әрі дамытуға серпін береді.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен және қолдауымен өткізілуде. Қазіргі таңда ауқымды жоба әлемнің назарын аударған байрақты бәсекеге айналды. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті ретінде маңызды шараға ат салысып, Түркия елінің делегациясын бастап келгеніңіз үшін ризашылығымды жеткіземін. Қазақстан мен Түркия ежелден – тамыры бір, достығы – бекем, мұраты – мығым мемлекеттер. Жалпы, көшпенділер ойындары – бауырлас түркі халықтары арасындағы өзара ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты арттыруға тың серпін беріп келеді», - деді ол.
Жалпы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдер қатары жыл санап артып келеді. Алғашқыда сайысқа тек түркі елдері қатысса, бүгінде мұхиттың арғы бетіндегі елдер де қызығушылық танытуда. Осылайша халықаралық шаралар арқылы көшпенділердің бай мәдени мұрасы бүкіл әлемге танылуда.
Өз кезегінде Дүниежүзілік этноспорт федерациясының Президенті Біләл Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты тілге тиек етіп, сондай-ақ Астана төрінде өтіп жатқан дүбірлі доданың маңыздылығын атап өтті.
«Ең алдымен күні кеше ғана өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Әсіресе жастардың, волонтерлердің дайындығы өте керемет деңгейде екені байқалды. Жалпы көшпенділер ойындары көнеден бері келе жатқан дәстүрдің жалғасын аңғартады. Сондықтан да бүгінгі күні бұл ауқымды жобаның маңызы өте зор. Кез келген елдің даму деңгейін оның мәдениеті арқылы танып білуге болады. Осы ретте этноспорт халықтың әл-ауқатын, тамыры терең тарихына деген құрметін аңғартады», - деді ол.
Жиын барысында кездесуге келген жастар қадірлі мейманға бірқатар сұрақтарын қойып, ауқымды жобаның болашағын талқылады.
Айта кетейік, биылғы көшпенділер ойындарына 89 елден 2700-ге жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл шара Қазақстанның әлемдік спорттық және мәдени ареналардағы рөлін күшейтіп қана қоймай, түркі халықтары арасындағы тарихи және мәдени байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.