Жетісу облысында әкімдік қызметкерлері жұмыс уақытында ішімдік ішкені туралы видео тарады

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға Сарыөзек ауылында болған

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында әкімдік қызметкерлері облыстық мәслихат депутатымен бірге жұмыс уақытында дастарқан жайып, ішімдік ішкені туралы ақпарат тарады. Осыған қатысты Кербұлақ ауданының әкімдігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видео журналист Сандуғаш Дүйсенованың Instagram парақшасында жарияланды. Ақпаратқа сәйкес, оқиға Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында болған. Автордың айтуынша, видеода Жетісу облысы Кербұлақ ауданы әкімінің екі орынбасары Алматы облысы депутаттарының бірімен бірге отыр.

Осыған қатысты Кербұлақ аудандық әкімдігі мәлімдеме жасады.

«Кербұлақ ауданы әкімдігінің қызметкерлері туралы тараған ақпаратқа қатысты қазіргі уақытта әкім аппараты тиісті қызметтік тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі», - делінген аудандық әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында.