Шығыс жылу» жауапкершілігін ескере отырып, кәсіпорын жұмысшыларға тамыз айына аванс берілген
ШҚО Риддер қаласындағы жылу электр орталығы жұмысшыларына уақтылы жалақы төленбегені үшін кінәлілер жауапқа тартылды. Бұл туралы қала әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Риддер ЖЭО» АҚ мемлекет меншігіне өткеннен бері кәсіпорын қалалық «Су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының балансында болған. Ал 2024 жылдың 1 тамызынан бастап жылу орталығы облыстық «Шығыс жылу» коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілді.
Осы ауысу кезінде «Су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысшылар алдында шілде айының жалақысы бойынша қарызы болған. 29 тамызда қарыз ішінара төленген.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша бүгіннен бастап жалақы төлене бастады.
«8 қыркүйекке дейін жұмысшылардың жалақысы толықтай төленеді. Айта кету керек, «Шығыс жылу» жауапкершілігін ескере отырып, кәсіпорын жұмысшыларға тамыз айына аванс берілген. Осындай жалақы бойынша қарыздарға жол бергені үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза жариялады», - делінген ақпаратта.