Енді колледждер тауар сата алады
Қазақстандық колледждер базасында студенттердің кәсіпкерлік, бизнес-жоспарлау және стартап жобаларды дамыту бойынша шағын кәсіпорындар құрылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады. Студенттер жиһаз жасау, тігін тігу, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін пісіру секілді кәсіптерді игере отырып, оны кіріс көзіне айналдыру дағдыларын да меңгереді.
«Бұл кәсіпорындар студенттерге түрлі кәсіби дағдыларды игеруге, оның ішінде коммуникация құруға, жобаларды басқаруға, маркетинг және қаржы бойынша білім алуға және олардың алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпорындар есебінен түскен қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады», - деді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Асет Мұханбетов.
Қазіргі уақытта ТжКБ ұйымдары базасында 26 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 14 жаңа кәсіпорын ашу жоспарлануда.