Павлодар облысында полицей суицид жасағаннан кейін әріптестері қызметінен босатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол табельдік қаруынан басына оқ атқан

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Павлодар облысында полиция қызметкері өзіне оқ атып, қайтыс болғаннан кейін әріптестері лауазымдарынан айырылды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысында 22 жастағы полицейдің өз-өзіне қол жұмсауын тергеу жалғасуда. Ертіс ауданында полицияның кіші сержанты осы жылдың маусым айында өзіне оқ атып, өз-өзіне қол жұмсады.

Павлодар облысының прокуратурасында айтылғандай, сотқа дейінгі тергеп - тексеру Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі, яғни «адамды өз-өзіне қол жұмсауға немесе жәбірленушінің адамдық қадір-қасиетін қорқыту, қатыгездікпен қарау немесе жүйелі түрде қорлау жолымен өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу, сол сияқты оны өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу не оған жәрдемдесу» бойынша жүргізіледі. Қадағалау органы да қызметтік талқылау нәтижелерін хабарлады.

«Павлодар облысының полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізді, нәтижесінде Ертіс аудандық полиция бөлімі мен полиция бөлімінің бірқатар қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде кейбірі лауазымдарынан босатылды», - деп хабарлады Павлодар облысы прокурорының орынбасары Ербол Ысқақов.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Осыған дейін әлеуметтік желіде кіші сержант үйінде жазба қалдырып, артынша табельдік қаруынан басына оқ атқаны туралы хабарланған.