Қосшыда жаңа мешіт ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мешіт 700 орынға арналған, Қосшының Республика көшесінде орналасқан

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Конституция күніне орай Қосшы қаласында жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мешіттің ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Мешіт сөзі араб тілінен енген, «сәжде ететін, құлшылық жасайтын орын» дегенге саяды. Егер мұсылман пенде шамасы келгенше бес уақыт намазын үзбей мешітте оқып, бүкіл ғұмырын мешіт пен үйінің және жұмыс орнының арасында өткізсе, күні ертең Махшар алаңында қуанышқа бөленеді. Ал мешіттің бой көтеруіне атсалысқан әрбір адам, соған тілеулес болған жандар да мол сауапқа кенелмек. Тағы бір ғалымдар жүрегі мешітке байланған адам турасында ол тек құлшылық тұрғысынан емес, жалпы мешіттің жұмысына атсалысу дейді. Яғни, қыста қарын тазалау, отын-суына жәрдемдесу, мешіттің керегіне жарап тұру. Міне, бұл да – мешітке деген махаббат», – деді ҚМДБ төрағасы.

Осыдан кейін Бас мүфти мешіт имамына арнайы сыйлық жасап, ғимарат құрылысына атсалысқан азаматтарға алғыс хат табыстады.

Жаңадан ашылған мешітте жұма намаз оқылды. Мешіт 700 орынға арналған. Қосшының Республика көшесінде орналасқан.

Айта кетсек, мешіт Ондыбай әулеті және немересі Махат Төрәліұлының бастамасымен салынған.