«Колхоз просто»: Баян Алагөзова Алматы көшелерінің біріндегі олқылықтарды көрсетті
Қаланың қақ ортасындағы олқылықтар продюсердің ашуына тиді
Белгілі продюсер Баян Алагөзова Алматы көшелерінің бүгінгі ахуалын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түнгі уақытта серуенге шыққан продюсер қаланың қақ ортасындағы көшелерде жарықтың жоғын айтып, шағымданды.
«Біз жұбайыммен қазір қаланың қақ ортасында серуендеп жүрміз. Бұл – Бөгенбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысы.Қандай қараңғы екенін көріп тұрсыздар ма? Колхоз просто. Ұмытылған, қараусыз қалған жер сияқты. Мына саябақтың салынып жатқанына да бір жарым жылдай уақыт болды. Мүлдем жарық жоқ. Тас қараңғы. Бұл жерде қала қонақтары, туристер көп жүреді. Осындай әдемі қалада тұрып, дәл мынадай сұрықсыз көшелерде жүретініміз өте өкінішті», - деді Баян Мақсатқызы Instagram-сторисінде.
Сонымен қатар, продюсер осы аудандағы суағарлардың қирап жатқанын да көрсетіп, ешқандай жауапкершіліктің жоқ екенін тілге тиек етті.
«Алысқа барудың қажеті жоқ, қаланың қақ ортасындағы жағдай осындай, қаланың шет жағында не болып жатқанын тіпті елестете де алмаймын», - деді ол.
Одан бөлек Бөгенбай батыр мен Төлебаев көшелерінің қиылысындағы тротуарға төселген плиталардың да қирап жатқанын көрсетті.
«Ақша бөлінеді, жұмысшыларға ақша төленеді. Бірақ нәтижесі мынадай. Мына бассыздық үшін кім жауап береді? Қайда шағымдану керек?», - деп ашуланды продюсер.