Күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылады
Жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметтің мәліметінше, күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылмақ. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген 1 мыңға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі де өз жұмысын бастайды. Өңірлерде оқытылатын пәніне сәйкес бейінді құрал-жабдықтармен 1 мың кабинетті жарақтандыру жоспарланғанымен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылды.
«Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Инклюзивті мектептердің үлесі 88%-ға, ал балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 80%-ға дейін өсті. Биыл пилоттық режимде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілуде, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау кабинеттері мен жеке бағдарламаларға жаңа талаптар әзірленді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында Президенттің тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік тапсырыс 145 мың орынға дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Бұл ретте еліміз бойынша барлығы 772 ұйым оқушылар үшін ашық. 1 қыркүйектен бастап 300 мыңнан астам колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап колледждер базасында 26 шағын кәсіпорын өз өнімдерін өткізеді. Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту шеңберінде Францияда өтетін WorldSkills-2024 чемпионатында қазақстандық 32 студент ел намысын қорғайды», - делінген Үкіметтің хабарламасында.