СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 адам тіркелді

Автор: Azattyq Rýhy

Үшеуі де бір отбасының мүшелері

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам тіркелді. Оның бірі елімізге жұмыс бабымен келген Ресей азаматы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Омбы ‒ Қостанай» бағыты бойынша жол жүріп бара жатқан жүк көлігінің жүргізушісі 21 сәуір күні Солтүстік Қазақстанның аумағында аялдаған. Атап айтар болсақ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Червонное ауылында тұратын ата-анасының үйіне тоқтаған. Шекарадан өту кезінде одан коронавирус инфекциясына сараптама алынған, алайда зертханалық талдау теріс нәтиже көрсеткен. 

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы таратқан мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін Ресей азаматы үй карантинінде болған. 5 мамыр күні оның дене қызуы 37 градусқа дейін көтеріліп, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Сонымен қатар, қалтырау, жөтел сынды тағы басқа ауру белгілері болған. Ол аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылып қайта тексерілген. 6 мамырда коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Науқаспен бірге тұрған 64 жастағы әкесі мен 61 жастағы анасы жедел тексерілен. Зертханалық талдау нәтижесінде екеуінің де жұқпалы сырқатқа шалдыққаны анықталды. Отбасы қазір аудандық жұқпалы аурулар стационарында жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес емдеу шаралары басталды. Байланыс жасаған адамдардың саны анықталуда. Эпидемиологиялық тексеру жалғасуда.

Осымен Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 33 адам тіркелді. Олардың 29-ы емделіп шықты. Осыған дейін тіркелген науқастардың екеуі Лондоннан Петропавлға ұшып келген әуе рейсінің жолаушылары болса, біреуі – Көкшетау қаласынан. Ол Қызылжар өңіріне көктемгі егістік жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында келген.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО