Астана әуежайы өз жұмысына қайта кірісті
Бүгін Токиодан Цюрихке бағыт алған ұшақ елорда әуежайына шұғыл түрде қонды
Астана әуежайы екі сағаттық үзілістен кейін жұмысына қайта кірісті. Бұған дейін елордалық әуежай Токиодан Цюрихке бағыт алған ұшақтың Астанаға шұғыл түрде қонып, жолақтан сырғып кетуіне байланысты екі сағатқа жабылған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық әуежайдың баспасөз қыметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, елорда әуежайы сағат 18:34-тен бастап өз жұмысын жалғастырды.
Төтенше жағдайға қатысты қала әуежайының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Жергілікті уақыт сағат 16:00-де Swissair әуе компаниясының Токиодан Цюрихке 777-300ER (ротаның борттық нөмірі HBJNI) ұшқан SVR161 рейсі Астана әуежайына шұғыл қонды. Экипаж 50 жастағы жолаушының инсульт алу мүмкіндігіне байланысты қонуға шешім қабылдаған. Сағат 16:00-де ұшақ сәтті қонғаннан кейін, ұшу-қону жолындағы бұрылыс кезінде экипаж қателігінен ұшақ жолақтан сырғып кетті. Осыған байланысты сағат 16:03-те апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ескерту жарияланды», - деп жазды баспасөз қызметі.
Осы оқиғаға байланысты әуе рейстерінің кешігуі мүмкін екені де ескертілді.
Қазіргі уақытта Астана халықаралық әуежайында ұшып шығуға жоспарланған 81 рейстің 6-ы, ұшып келуге жоспарланған 80 рейстің 15-і кешіктірілді.