Жолаушысы инсульт алған: Астана әуежайына шұғыл қонған Швейцария ұшағы жолақтан шығып кетті

Azattyq Rýhy

Астана әуежайы барлық рейстер үшін уақытша екі сағатқа жабылды

Жолаушысы инсульт алған: Астана әуежайына шұғыл қонған Швейцария ұшағы жолақтан шығып кетті
Фото: Астана әуежайының баспасөз қызметі

Швейцария рейсі шұғыл қонғаннан кейін және жолдан шығып кеткен соң Астана әуежайы рейстерді қабылдауды тоқтатып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана әуежайының баспасөз қызметі жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де Boeing 777-300ER (HBJNI борттық нөмірі) бортында Токиодан Цюрихке ұшқан Swissair әуекомпаниясының SWR161 рейсі Астана әуежайына шұғыл қонғанын хабарлады.

Экипаж 50 жастағы жолаушының инсульт алды деген күдікке байланысты қонуға шешім қабылдады.

«Сағат 16:00-де ұшақ жолаққа сәтті қонғаннан кейін, ұшу-қону жолындағы бұрылыс кезінде экипаж қателігінен ұшақ жолақтан сырғып кетті. Осыған байланысты сағат 16:03-те апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін дабылды ескерту жарияланды», - делінген хабарламада.

Астана әуежайы барлық рейстер үшін уақытша екі сағатқа жабылды. Нәтижесінде тұрақты рейстердің кешігуі күтіледі. Әуе айлағы жолаушылардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.