Депутат Әбдиев Түркістандағы мектеп құрылысының сапасын тексерді

Автор: Azattyq Rýhy

Нысан Түркістан облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Түркістан қаласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 2000 орындық білім беру мекемесінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Оның аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланған. Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағын ауданында 2 мың орындық заманауи мектептің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған еді. Жобаның құны 8 млрд теңге, ал мектептің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды. Білім ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Мәжілісмен Ерлан Әбдиев аталған нысан «АМАNАТ» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасына енгізілгенін атап өтті.

«Білім ошағының құрылысы кестеге сай қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен аты «Жайлы мектеп» болғандықтан, ол барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Мен бастапқы жобада екі лифт болғанын байқадым, бірақ тапсырыс беруші оны қайта түзетіп, біреуін қалдырыпты. 2000 балаға бір ғана лифтінің болуы ақылға сыймайды. Осы жайтты қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Одан бөлек мүгедектігі бар адамдарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Өйткені көп жағдайда механикалық саты тез бұзылады және оны үнемі бір маман қадағалап отыруы керек», – деді депутат.

Құрылыс жұмыстарының барысы туралы «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен «Каратас Майнинг» ЖШС мердігер компания өкілдері баяндады.

 

Депутат жаңа мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүрген жергілікті тұрғындармен де тілдесті.

«Жаңа мектептің құрылысын көріп, балаларымыздың болашағы үшін қуанып отырмыз. Себебі бұл жаңа аудан болғандықтан әзірге балаларымыз басқа жаққа қатынауға мәжбүр. Осы мектепте балаларымыз сапалы білім алып, жарқын болашаққа жол ашады деп сенеміз», – дейді жергілікті тұрғын Айгүл Ахметова.