Үш әуе компаниясы мен 4 ұшқыш жауапкершілікке тартылды – Көлік министрлігі

Автор: Молдатай Сымбат

11 айыппұл салынды

Фото: Қазақстанның авиациялық әкімшілігі

Шағын авиацияға жататын 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқыш әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізген тексерулер нәтижесінде қабылданған шешім, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шілде айында 10 авиакомпанияны іріктеп тексеру жүргізілді. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті шағын авиацияға жататын 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқышқа ҚР Азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін 11 айыппұл салды.

Тексеріс қорытындысына сәйкес, әуе кемелерін пайдалану кезінде азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілердің мынадай талаптарын бұзушылықтар анықталды:

  • командир әуе кемеде ұшқыштың қолданыстағы куәлігінсіз ұшқан (4 факт тіркелді) және әуе қозғалысына қызмет көрсету органына хабарламаған;
  • ұшу құжаттамасының болмауы;
  • әуе кемесінің техникалық қызмет көрсету құжатын орталыққа жібермеген фактілер тіркелді.

Жоспардан тыс тексерулер жүргізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Тамыз айында 6 пайдаланушыны тексеру жоспарланған.

Еске салайық, 21 шілдеде Державинскіден 10 шақырым қашықтықта Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі шағын авиация ұшулары қауіпсіздігі бойынша шараларды күшейтетінін мәлімдеді.