Алаяқтық деректері негізінде 7 эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалды
Орал қаласында алаяқтықпен айналысқан 42 жастағы тұрғын ұсталды. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ПД мәліметінше, аталмыш алаяқ өзін құрылыс саласының маманы, пәтерлердің иесі немесе делдал ретінде таныстырып, пәтерлерді сатып, ресімдеумен айналыса отырып, облыс тұрғындарының ақшалай қаражатын иемденген.
«Атап айтқанда, Жаңақала ауданының тұрғыны алаяққа 30 млн теңгесін аударып жіберген. Ал Орал қаласының тұрғыны үйді ресімдеу үшін 27,8 млн теңгесін берген. Облыс тұрғындарына келтірілген жалпы залал көлемі 100 млн теңгеден асады. Алаяқтық деректері негізінде 7 эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті қырағы болу, бейтаныс және тексерілмеген адамдарға сенбеу керектігін еске салады», - делінген ПД хабарламасында.