«Бәрінің осылай аяқталғаны өкінішті»: боксшы Валентина Хальзова жеңілісінен кейін сұхбат берді

Автор: Azattyq Rýhy

Боксшы панамалық спортшыға есе жіберді

Фото: Владислав Семенов

Бокстан 75 келі салмақта сынға түскен Валентина Хальзова  алғашқы айналымдағы жеңілісінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Ұлттық олимпиада комитетінің сілтеме жасап.

«Екі раунд алда тұрдым. Үшінші кезеңде де есепте алда болдым деп ойлаймын. Маған солай көрінді. Төрешілік туралы ештеңе айта алмаймын. Солай болуы керек шығар. Қарсыласым Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері. Өте тәжірибелі спортшы.

Бірақ мен  алғашқы екі раундқа қарағанда үшінші раундта әлдеқайда дәлірек болдым. Қойылған тактиканың 60 пайызын орындадым. Соққыларын күтіп ала бастадым. Екінші раундтың басында ол мені басымен соқты. Содан соң, екі раунд бойы демала алмай, капа арқылы демалуға тырыстым.

Төрешілік туралы не айтамын? Төбелестен соң жұдырық жұмсамайды. Әрине, өкінішті. Қаншама жұмыс істеліп, бәрінің осылай аяқталғаны... Мен осы Олимпиадада Қазақстан әнұраны шырқалады деп сенемін», - деді Хальзова.

Айта кетейік, әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Хальзова бірінші айналымда панамалық Атейла  Байлонмен кездескен болатын.

Алғашқы раундта қазақстандық спортшы 3:2 есебімен алда тұрды. Екінші раундта төрешілер Атейлаға ескерту беріп, ұпайын алып тастады. Соған қарамастан, бұл кезеңде де панамалық боксшы 4:1 есебімен  ұтты.

Ал шешуші раунда Байлон тағы да 4:1 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Қазақстандық боксшы болса, жарысты аяқтады.

Тегтер: