Джек Ма Қазақстанға тағы гуманитарлық көмек жіберді

Автор: Azattyq Rýhy

Жүк Алматыға жетті  

2020 жылғы 1 мамырда Алматыға «Джек Ма» және «Alibaba Group» қоры жіберген гуманитарлық көмектің екінші партиясы жеткізілді, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

 Оның ішіне тест жүйелері (50 016 дана) мен өкпені жасанды желдету аппараттары (30 дана) кірді.

«Гуманитарлық жүкті медициналық мекемелер арасында тарату үшін бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС қабылдап алды. ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Үкіметінің атынан «Джек Ма» және «Alibaba Group» қорларына COVID-19 індетімен күрестегі маңызды көмегі үшін алғыс білдіреді»,- делінген хабарламада.

Осыған дейін 2020 жылғы 10 сәуірде белгілі қытайлық кәсіпкер біздің елімізге 4,5 тоннадан астам медициналық қорғау құралдарын (медициналық маска, қорғаныс костюмдер, медициналық қолғап, түйіспесіз термометрлер) жолдаған.