Қарағанды-Балқаш тас жолы қашан салынып бітеді

Автор: Azattyq Rýhy

Марат Қарабаев жол салу үшін қаражатты қарызға берген банктерді атады

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Көлік министрі Марат Қарабаев Қарағанды-Балқаш тас жолы қашан салынып бітетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір жолдың құрылысы 80%-ға аяқталды. Жекелеген учаскелер тапсырылды. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 263 шақырым болатын төрт учаске тапсырылды. Жобаның құны 317 миллиард теңгені құрап отыр.

Жыл соңына дейін жолды аяқтаймыз. Тариф енді қарастырылады. Оның бір бөлігін қарызды өтеуге жіберуге тиіспіз», - деді министр Үкіметтегі брифингте.

Сондай-ақ, Марат Қарабаев жол салу үшін қаражатты қарызға берген банктерді атады.

«Дәстүр бойынша, қарыз алатын халықаралық қаржы институттарымыз - Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, сондай-ақ қытай Эксимбанкі», - деді министр.

Трассаны қайта жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталған. Ол кезде барлық жөндеу жұмысына 248 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланған. Алайда, бұл сома жөндеу барысында айтарлықтай өсті.