Голан биіктігіне соққы кезінде 10 адам қаза тапты
Израильдің бақылауындағы Голан биіктігінде Мадждаль-Шамс ауылын атқылау кезінде қаза тапқандар саны 12-ге жетті. Қазақстан Қорғаныс министрлігінде қазақстандық бітімгерлердің жағдайы туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Израиль армиясының ресми өкілі Даниэль Хагариге сілтеме жасай отырып, Times of Israel газеті Голан биіктігіне соққы кезінде 10 адам қаза тапқанын хабарлады. Кейін қаза тапқандар саны 12 адамға дейін өсті.
«БҰҰ бітімгершілік миссиясы үшін Голан биіктігіне аттанған қазақстандық контингент штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Жеке құрамның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ», – деді Қорғаныс министрлігі.
Айта кетейік, Times of Israel мәліметі бойынша, барлығы 10-20 жас аралығындағылар қайтыс болды. Ливаннан атылған зымыран футбол алаңына түсті. Ескерту сиренасы естілгенімен, ол тым қысқа болып шықты және жасөспірімдер уақытында қашып құтыла алмады.
Израиль шенеуніктері Ливанның ықпалды қарулы тобы «Хезболланы» зымыран ұшырды деп айыптап, қарсы жауап беруге уәде берді. Алайда, «Хезболла» бұл оқиғаға мүлдем қатысы жоқ екенін айтты.