404 рейдтік іс-шара барысында 109 тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылды
«Семей орманы» резерватында материалды-техникалық базаны жаңарту, орман шаруашылығы қызметкерлерін қолдау мәселелері тақыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірге премьер-министр Олжас Бектенов барды.
Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқталды.
«Орман алқаптарын сақтау мәселесі және өртке қарсы шараларды қабылдау біздің ерекше назарымызда болады. Мұндай апаттардың қайталануына жол беруге болмайды. Апаттың алдын алу шараларын қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде толықтай жүзеге асыру маңызды. Ол үшін біз резерватты жарақтандыруды жалғастырамыз, оның ішінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнатамыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Абай облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Семей орманын» материалдық-техникалық жарақтандыру және орман алқабын молайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ күйген ағаштарды кәдеге асыру жөніндегі жобаны іске асыруға қолдау көрсету тапсырылды.
Бүгінгі таңда Абай облысында табиғи өрттердің алдын алу және дер кезінде әрекет ету мақсатында 132 адамнан тұратын 32 мобилді топ құрылды. «Қазавиақұтқару» тікұшағы кезекшілікте және аумақты патрульдеу жүргізіледі. 404 рейдтік іс-шара өткізілді, 109 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.