Қапшағайдағы Заречный кенті карантинге жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұнда коронавирус жұқтырғандар қатарында 9 айлық сәби де бар

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысының Заречный кенті карантинге жабылды. Бүгін Қапшағайда COVID-19 індетін жұқтырған 13 адам тіркелген болатын. Олардың бесеуі – Заречный ауылында анықталса, қалған 2 науқас Атыраудан жеткізілген «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұмысшылары. Ауырғандардың үлкені – 1958 жылы туған, ең кішісі – 9 айлық бала.

«Бүгінгі күнге Қапшағайда вирус жұқтырғандардың саны 15 адамға жетті. Осыған байланысты Қапшағай қалалық штабтың шешімімен Заречный кентіне бүгіннен бастап карантин енгізілді. Анықталған науқастардың барлығы тиісті ем алу үшін медицина мамандарының бақылауына алынды», -  деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде науқастармен байланыста болған 187 адам анықталды. Оның 24-і жақын байланыста болса, тағы 163 адам сыртта қарым-қатынаста болған. Олар қазір оқшауланды, эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы