Төрт облыстағы су нысандарын жапондық сарапшылар зерттейді

Автор: Azattyq Rýhy

13 гидротехникалық нысан зерттеу үшін таңдалды 

Фото: Су ресурстары министрлігі

Елдің 4 облысындағы гидротехникалық нысандарға жапондық сарапшылар зерттеу жүргізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Су ресурстары және ирригация министрлігі зерттеу нысаны ретінде 13 гидротехникалық нысан таңдалғанын хабарлады. Бұл мәселе министр Нұржан Нұржігітов, Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) өкілдері кездесуінде талқыланды.

Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің мамандары биылғы су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған гидротехникалық құрылыстарды тексереді. Қазірге дейін Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Абай облыстары нысандары алдын ала визуалды тексерістен өткен.

Сондай-ақ су тасқынымен күресу үшін гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру мен цифрландыру мәселесі талқыланды. Оның ішінде су жіберу деңгейі мен көлемін анықтау үшін есептегіш қондырғы орнату жөнінде сөйлесті.