«Nur Otan» өткізген тікелей эфирлерде 15 мың сұрақ қойылды
Партия әлеуметтік желілердің онлайн-платформаларын белсенді игеруде
«Nur Otan» партиясы әлеуметтік желілерде ұйымдастырған тікелей эфирлер барысында халықтың 15 мыңға жуық сұрағына жауап берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі партияның ресми сайтына сілтеме жасап.
«Nur Otan» партиясы азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және мемлекеттің түрлі бастамаларын белсенді түрде түсіндіру мақсатында әлеуметтік желілердің онлайн-платформаларын белсенді игеруде. Бір апта ішінде партияның аймақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Facebook және Instagram желілерінде тікелей эфирлер ұйымдастырып, халықтан келіп түскен 15 мыңға жуық сұраққа жауап берді. Статистикаға сәйкес, талқылаудың басты тақырыбы Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан берілетін көмектің екінші кезеңі туралы болды. Сондай-ақ, сұрақтардың көпшілігі мемлекеттен 42 000 теңге төлем алу тәртібіне, коммуналдық қызметтерді төлеу үшін берілетін көмекті алу механизмдеріне және басқа да әлеуметтік қолдау шараларына қатысты болды», - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, «Nur Otan» партиясы енді онлайн-кездесулерді жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы тиісті хабарландырулар партия филиалдарының әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жарияланады.