Алматыда жол ақысы 120 теңге деп бекітілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада 22 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі жұмыс істейді

Фото: istockphoto.com

III сайланған Алматы мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясында депутаттар қаланың қоғамдық көлігінде жол жүруге қатысты 120 теңгеге жаңа тарифті мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыда 22 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі жұмыс істейді. Күн сайын желіде шамамен 2,3 мың автобус пен 184 троллейбус жүреді. Қоғамдық көліктермен жол жүретін жолаушылар саны күніне 1,5 миллион адамнан асты.

Мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеген қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев 2023 жылғы тамызда жол жүру тарифі 11 жылда алғаш рет 100 теңгеге дейін көтерілгеніне қарамастан, жол ақысын төлеуден түсетін күнделікті түсімдер автобустарды жөндеу, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатып алу сияқты тасымалдаушылардың барлық шығындарын өтемейтінін атап өтті.

 

«Жыл сайын автобустарға, қосалқы бөлшектерге және өзге де шұғыл шығыстарға бағаның өсуі тіркелуде. Қосалқы бөлшектерді уақтылы сатып алу мүмкін емес, ал бұл жолаушылар тасымалының сапасына теріс әсер етуде. Соның салдарынан қала тұрғындары әділ шағымдар жасайды. Әкімдік пен жеке тасымалдаушылар жылжымалы құрамды үнемі жаңартып отыру және жұмыс істеп тұрған автопаркті сапалы күтіп ұстау үшін орасан зор қаражат бөлуге мәжбүр», - деді Сағындық Телібаев.

Алматы әкімдігі 2023 жылы 600 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алған, биыл қосымша 600 автобус, 112 троллейбус және 100 электробус сатып алу жоспарда бар. Сонымен қатар, жеке тасымалдаушылар 2023 жылы 550 автобус сатып алды, 400-ге жуық жаңа автобус пен 15 электробус сатып алуды жоспарда. Қабылданған шаралар 2024 жылы экологиялық таза көліктің үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Атап өтерлік жайт, мәслихатпен келісу рәсімінен кейін тариф қала әкімдігінің қаулысымен бекітілетінін атап өту қажет. Мерзімдері туралы қосымша хабарланады.