Қазақстандық төреші өз мансабында төртінші рет олимпиада ойындарында қазылық жасайды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 18  әлем чемпионатында төрелік еткен

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық төреші Тимур Әмірбеков осымен өзінің төртінші Олимпиадасына аттанады, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Olympic.k-ке сілтеме жасап.

Спорттық гимнастиканың хас шебері бұған дейін 3 Олимпиада ойындары мен 18  әлем чемпионатында төрелік еткен. Ал Әмірбеков қазылық жасаған Азия чемпионаттары мен әлем кубогінің санында есеп жоқ.

«Бұл – менің төртінші Олимпиадам. Ең алғаш рет 2004 жылғы Афина Олимпиадасында қызмет еттім. 2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы ойындарға төрелік етпедім, себебі, бұл кезде ұлттық құраманың бас бапкері едім. 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларында  төрешілер қатарында болдым.  Ал пандемия кезінде өткен Токио ойындарынан сырт қалдым. Оның да өзіндік себептері бар. Өз мансабымда жалпы есебі 18 әлем чемпионатына төреші ретінде қатысыппын. Ең соңғы рет 2022 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында қазылық жасадым. Сол чемпионат қорытындысы бойынша мен ең үздік бес төрешінің қатарына ендім. Бұл автоматты түрде Париж Олимпиадасында төрелік етуіме себеп болды», - деді ол.

Жазғы Олимпиадада 55-56 төреші жұмыс істейді. Оларды іріктеудің өзіндік ережелері бар. Қалған қазылар сол чемпионаттан кейінгі жарыстар арқылы таңдалды.