Қырғызстанда сел жүріп, 420 адам эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы елдің ТЖМ мәлім етті

Фото: Қырғызстанның ТЖМ

Бүгін Ош облысының Қара-Су ауданында алдын ала ақпарат бойынша Мады ауылдық округіндегі Асан-Чек және Манас ауылдарында сел жүріп, тұрғын үйлерді басып қалғаны туралы мәлімет түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Оқиға орнына ақпаратты нақтылау мақсатында Ош облыстық басқармасының жедел тобы жіберілді.

Ош қаласында алдын ала мәлімет бойынша сағат 14:00 шамасында жауған жаңбырға байланысты Төлөйкөн ауылында және Өзгүр ауылының Борубай-Ата демалыс орнында сел жүргендігі туралы ақпарат 112 қызметіне түскен.

Оқиға орнына ТЖМ Ош қалалық басқармасының Құтқару қызметінің құтқарушылары демалушыларды эвакуациялау жұмыстарын жүргізуде.

Қосымша Ош қалалық №12 Өртке қарсы бөлімнен 8 құтқарушы, №13 Автоматты өртке қарсы бөлімнен 10 құтқарушы жіберілді, Жедел-құтқару басқармасының жедел тобы Құтқару көлігімен барды. Барлығы 46 құтқарушы тартылды.

Құтқарушылар 420 адамды эвакуациялады.