ҰОК Головкиннің жалақысына қатысты мәлімдеме жасады
Комитет мәліметінше, Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізінде атқарады
Әлеуметтік желіде Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің жалақысына қатысты ақпарат тарады. Қазақстан ҰОК бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комитет мәліметінше, Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізінде атқарады. Оның қызметіне ақша төленбейді. Оның мотивациясының қаражатқа да, саяси карьераға да қатысы жоқ.
«Ең алдымен оның жұмысы қазақстандық спортқа қолдау көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан ҰОК-тың халықаралық спорттық қоғамдастық алдындағы беделін нығайтуға бағытталған.
Өз қызметіне кіріскен бойда Геннадий Головкин ҰОК-тың мемлекеттік бюджет ақшасына үміттенбейтінін ашық айтқан. Ұйымның қызметі Г.Головкиннің қатысуымен тартылған демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асуда.
Жалған ақпарат таратушылар ҚР заңына сәйкес жауапқа тартылатынын, нақтылап айтар болсақ, ҚР ҚК 274 бабына сай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын естеріңізге саламыз», – делінген хабарламада.